
«Ғылым кені–Сәтбаев» атты қалалық эссе конкурсының қорытындысы
20 мамыр, 2014. Қ.И.Сәтбаевтың 115 жылдығына орай «Ғылым кені–Сәтбаев» атты қалалық эссе конкурсының қорытындысына арналған іс-шара ұйымдастырылды.
Алаш жұртының абыройын асқақтатқан, қазақты әлемге паш еткен, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев тек қазақтың ғана емес, бүкіл әлемнің, адамзаттың мақтанышы. 25 жасында қазақ жастарына арнап «Алгебра» оқулығын жазып, кен барлау жұмысымен Қазақстанның Орталық, Солтүстiк облыстарында, Жезқазғанда мыс рудалар кенiшiн ашты. Ғұлама геолог жасаған кен орындарының картасы осы күнге дейін маңызын жойған жоқ. Қаныш Сәтбаевтың еңбектері еліміздің индустриялық-инновациялық дамуына үлесін қосып келеді. Жүзінен нұры төгіліп тұратын қазақтың ер тұлғалы азаматы Қаныш Имантайұлы көзі тірісінде атақ - абыройдан кенде болған жоқ. Дегенмен оның еңбегіне берілген ең үлкен баға – бүгінгі ұрпақтың ықыласы, айрықша құрметі.
Осы мақсатта Астана қаласының Білім басқармасы Қ.И.Сәтбаевтың 115 жылдығына орай «Ғылым кені–Сәтбаев» атты қалалық шығарма – эссе конкурсын жариялаған болатын.
Конкурс Қ.И.Сәтбаевтың ғылым жолындағы еңбегін зерттей отырып, оқушылардың өз ойларын тұжырымдай алуына бағытталып, патриоттық және адамзаттық қасиеттерді насихаттау мен тәрбиелеу, жас жеткіншектердің бойына адамгершілікті қалыптастыруды көздеді.
Эссе конкурсына Астана қаласының жалпы білім беру ұйымдарының 7-10 сыныптарынан 87 оқушы және Павлодар өңірінің оқушылары интернет желісі арқылы қатысты. Олар өз шығармаларына Қ.И.Сәтбаевтың өмірі мен қызметі жолындағы өнегелі істерін, негізгі туындыларын арқау еттіп, қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде ұсынды. Іс-шара барысында №69 мектеп-гимназия мұғалімдері Қ.И.Сатпаевтың өмір жолына арналған 4 бекеттен тұратын саяхат сабақтар ұйымдастырды. Биология пән мұғалімі, биология ғылымының кандидаты Б.С.Ахметованың ағылшын тіліндегі сабағы, қатысушылардың зор қызығушылығын тудырды. №69 мектеп-гимназия мұғалімдері А.М.Жұманазарова, С.К.Қуандықова, З.М.Сафинаның сабақтары келушілерге ғалымның өмір жолынан көп мағұлмат берді.
Конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Астана қаласының Білім басқармасының дипломдарымен марапатталды. Марапаттау рәсіміне Білім басқармасының әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Б.А.Бердибаев, әдіскерлер З.С.Кенжахметова, А.Т.Меңдібаева, А.З.Қожахметова қатысты.