
Жаңа форматтағы қорытынды аттестаттау туралы ата-аналар жиналысы
2017 жылғы 14 қаңтар күні 11-сынып ата-аналары, оқушылары және пән мұғалімдерінің қатысуымен жаңа форматтағы қорытынды аттестаттау туралы жиналыс өткізілді. Күн тәртібінде жаңа форматтағы қорытынды аттестаттау, оқу сауаттылығына арналған тапсырмалар, математикалық сауаттылық тапсырмаларының ерекшеліктері туралы қаралды.
Директордың орынбасары Х.Адамова өз сөзінде биыл мектеп бітіруші оқушыларда ҰБТ алып тасталды, енді ҰБТ болмайды деп арқаны кеңге салып алаңсыз жүру жағдайы бар екенін баса айтып, ҰБТ бойынша өзгерістерге тоқталды. Биыл мектеп бітіру емтиханы мен ҰБТ бөлінді, бұрынғыдай ҰБТ мектеп бітіру емтиханы орнына жүрмейді.
11-сынып оқушысын қорытынды аттестаттау бітіруші емтихан нысанында мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті (ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы) және оқыту бейіні (ҚГБ және ЖМБ) ескеріле отырып 1 таңдау бойынша пәннен өтеді. Ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан. Эссеге 3 астрономиялық сағат беріледі. Орыс тілінде оқитындар қазақ тілінен және қазақ тілінде оқитындар орыс тілінен тестілеу (берілген уақыт 80 минут, барлығы 40 сұраққа 40 балл).Қазақстан тарихынан ауызша емтихан (билет бойынша). Әр билетте 3 сұрақтан болады. Алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат беріледі. Бұл емтихан 5 тапсырмадан тұрады. Таңдау бойынша бір пәннен (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика пәндерінің біреуін таңдайды) тестілеу. Бұнда барлығы 40 тест тапсырмасы болады (80 минут, 40 сұраққа – 60 балл беріледі), оның 20 сұрағы бір дұрыс жауабын табу арқылы (20 балл беріледі), 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы (40 балл беріледі).
Мектептегі қорытынды аттестаттау мерзімі шамамен 2017 жылғы 29 мамыр 9 маусым аралығында. Бітіру кештері мектепте 2017 жылғы 15 маусымға дейінгі мерзімде өткізіледі. 2017 жылғы ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ (20+20+20+30+30=120 тапсырма) 5 пән бойынша, оның 3-і міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты 2-і бейіні бойынша қарастырылған. Математикалық сауаттылық- 20 тапсырма, оқу сауаттылығы- 20(4 мәтін) тапсырма, Қазақстан тарихы-20 тапсырма, 2 бейінді пәннен 20+10 тапсырмадан болады. Тестілеу уақыты 3 сағат 30 минутты құрайды. Шекті балл 50 өзгеріссіз қалады.
Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10 наурыз – 10 мамыр аралығында ҰБТ-ны өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады. ҰБТ 165 ҰБТ-ны өткізу пункттерінің базасында өткізіледі. ҰБТ-ны өткізу мерзімі – 20 маусым мен 1 шілде аралығы. 2017 жылғы тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі.
Қазақ тілі пәні мұғалімі Шакирова Р.З. оқу сауаттылығы, математика пәні мұғалімі математикалық сауаттылық тапсырмалар ерекшеліктерін слайдта мысал келтіріп түсіндірді. Тарих пәні мұғалімі Ахмет А. мектептегі және ҰБТ тапсырудағы емтихан айырмашылығын түсіндірді.
Жалпымектептік жиналыс сыныпта жалғасын тапты. Әр оқушымен және ата-аналарымен жеке әңгіме жүргізілді. Ата-аналарын сынақ тестілеуді тапсыру мониторингімен таныстырылып, оқушылардың ҰБТ дайындығы бойынша сұрақтар, ата-аналары балаларының дайындығын қалай қадағалау жайлы, оларға қандай көмек беруі, таңдау пәндер және қандай мамандық таңдауы жөнінде айтылды. Барлық ата –аналар мен оқушыларға ұсыныс жасалып, кеңестер берілді: үйде баланың өз бетінше ҰБТ-ға дайындығын бақылауды күшейту, баланың пәндер бойынша мектепте өтетін консультацияға қатысуын бақылау тапсырылды.